Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны жаңа кезеңге қадам басты. «Qazaqstan» телеарнасында өткен ұлттық теледебатта еліміздегі жеті саяси партия алғаш рет бір алаңда бас қосып, сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Ашық пікірталас форматында ұйымдастырылған теледебат сайлаушыларға партиялардың ұстанымдарын салыстыруға, олардың басым бағыттары мен ұсыныстарын бағалауға мүмкіндік берді. Пікірсайыс басталар алдында қатысушылар Әдеп хартиясына қол қойып, саяси мәдениет пен өзара құрмет қағидаттарын сақтауға міндеттеме алды. Ал сөз сөйлеу реті кездейсоқ сандар генераторы арқылы анықталып, барлық партияға тең мүмкіндік берілді. Жеребе қорытындысы бойынша сөз кезегі «Ауыл», «Байтақ», «Әділет», ЖСДП, «Ақ жол», Respublica және Қазақстан Халық партиясына берілді. Теледебаттың негізгі тақырыбы адами капиталды дамыту мәселесіне арналды. Партиялар білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту, жастар саясаты, кәсіпкерлік, цифрлық экономика және экологиялық қауіпсіздік бағыттарындағы бағдарламалық басымдықтарын таныстырды. Сонымен қатар қатысушылар өз ұсыныстарының тиімділігіне тоқталып, бағдарламалық ұстанымдары бойынша пікір алмасты. Тікелей эфир барысында көрермендер QR-код арқылы онлайн дауыс беріп, пікірсайысқа қатысушылардың өнер көрсетуіне баға берді. Нәтижесінде «Әділет» партиясы көрермендердің 67,1 пайыз дауысын иеленсе, «Ақ жол» – 9,9 пайыз, Қазақстан Халық партиясы – 8,2 пайыз, «Ауыл» – 5,4 пайыз, Respublica – 4,3 пайыз, ЖСДП – 2,2 пайыз, «Байтақ» – 2,1 пайыз жинады. Ұлттық теледебатпен қатар партиялардың өңірлердегі сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары да жалғасты. Әрбір саяси ұйым еңбек ұжымдарымен, жастармен, кәсіпкерлермен және тұрғындармен кездесулер өткізіп, өздерінің сайлауалды бағдарламаларының негізгі бағыттарын таныстырды. Осылайша, ұлттық теледебат сайлауалды науқанның алғашқы ірі саяси сынағына айналып, саяси партиялардың бағдарламаларын ашық форматта таныстыруға және сайлаушылардың саналы таңдау жасауына мүмкіндік берген маңызды қоғамдық-саяси алаң болды.
Жеті партия, бір эфир және сайлауалды науқанның алғашқы саяси сыны