АДАЛ АЗАМАТ – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ!

Қазіргі қоғамда елдің дамуы мен болашағы ең алдымен адал, жауапты, білімді азаматтарға байланысты. Адалдық – адам бойындағы ең асыл қасиеттердің бірі. Ол тек өтірік айтпау немесе заңды бұзбау ғана емес, өз ісіне жауапкершілікпен қарау, еңбекке адал болу, қоғам игілігі үшін қызмет ету дегенді білдіреді. Адал азамат – өз Отанына жанашыр, айналасына қамқор, еңбегін әділ атқаратын тұлға. Мұндай адам қай салада жүрсе де сенімге ие болады. Мұғалім адал болса – сапалы білім береді, дәрігер адал болса – адамның өмірін сақтайды, мемлекеттік қызметкер адал болса – халықтың сенімі артады. Сондықтан адалдық – қоғамның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі. Бүгінгі жастарға қойылатын басты талаптың бірі – адалдық пен әділдік құндылықтарын бойына сіңіру. Оқушы мектептен бастап өз еңбегімен жетістікке жетуді, тәртіпті сақтауды, үлкенді құрметтеп, кішіні сыйлауды үйренуі керек. Адал еңбекпен келген табыс қана адамға шынайы қуаныш пен абырой әкеледі. Мемлекет басшысы да өз сөздерінде «Адал азамат» ұғымының маңызын ерекше атап келеді. Бағдарламаның басты мақсаты – қоғам игілігі үшін еңбек ететін, елінің болашағына бейжай қарамайтын, әділдік пен жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған тұлға қалыптастыру. Бұл – заңды құрметтейтін, қоғам мүддесін жеке пайдасынан жоғары қоятын, ел дамуына үлес қосатын саналы тұлға деген сөз. Осындай азаматтар көбейген сайын қоғамда әділдік орнап, сыбайлас жемқорлық азайып, халықтың әл-ауқаты артады. Біздің мектебімізде де «Адал азамат» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан іс-шаралар оқушылардың бойында жауапкершілік, сыйластық, еңбекқорлық, адалдық және жанашырлық сияқты маңызды қасиеттердің қалыптасуына ықпал етеді. Сонымен қатар, жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуге мүмкіндік береді. Ұлттық тәрбиенің негізінде өскен, рухани құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақ қана елдің тұрақты дамуына үлес қоса алады. Сондықтан мектеп ұжымы оқушыларды жан-жақты дамыған, мәдениетті, білімді және адал азамат ретінде тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра береді. Адалдық – тәрбиеден басталады

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *