Елімізде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы белсенді іс-қимыл» атты халықаралық акция басталды. БҰҰ-ның Конвенциясына сәйкес жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтетін бұл науқан әлемнің 180-нен астам елін біріктіреді. Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің аға инспекторы Әйгерім Жарқынбек өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, биылғы науқан «Әйелдер мен қыздарға қатысты цифрлық зорлық-зомбылықты тоқтату үшін бірігейік» ұранымен өтеді. Науқан аясында халықпен кездесулер, мобильді топтардың жұмысы, жедел желілер, флешмобтар, дөңгелек үстелдер, ұйымдар мен оқу орындарында ақпараттық семинарлар ұйымдастыру жоспарланған.
«Біз зардап шеккендерге арналған іс-қимыл алгоритмдерін түсіндіруді күшейтеміз. Осы бағытта жадынамалар, инфографика, әлеуметтік роликтер мен билбордтар әзірленіп, кеңінен таратылатын болады», — деді Әйгерім Жарқынбек.
Науқан барысында еліміздің көптеген аймақтарында ғимараттар мен қоғамдық орындар қызғылт сары түсті жарықпен безендіріліп, арнайы жалаушалар, плакаттар және шарлар орнатылады. Зорлық-зомбылыққа қарсы күрестің символына айналған «Қызғылт-сары күн» акциясы да өтеді.







