Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті жұмыспен қамту саласындағы қылмыстық қауіп-қатерлердің өсуіне назар аударады және азаматтарды сақ болуға шақырады.
Шетелдік дереккөздердің (Мир 24, Рамблер, РИА Новости, 48RU, Известия, Новые известия) мәліметтеріне сәйкес, соңғы уақытта интернет-алаяқтар танымал платформалар мен әлеуметтік желілерде жоғары табыс пен минималды талаптармен жұмыс ұсынатын хабарландыруларды жиі жариялауда.
Алаяқтармен байланысқаннан кейін жұмыс іздеушілерге жалған сайттарға сілтемелер, жеке деректерді жинауға арналған сауалнамалар немесе зиянды бағдарламалық қамтамасыз етуі бар мобильді қосымшаларды орнату ұсынылады. Мұндай бағдарламалар арқылы қылмыскерлер азаматтардың банктік деректеріне, мессенджерлеріне және құрылғыларын басқаруға қол жеткізе алады.
Сонымен қатар, шетелде (әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде: Тайланд, Мьянма және т.б.) жұмысқа орналастыру туралы жалған ұсыныстар өзекті болып отыр. Көп жағдайда азаматтар IT, модельдік бизнес, қонақ үй саласы немесе call-орталықтардағы жұмыс түрімен шетелге шақырылып, еңбек және сексуалдық құлдыққа, қанауға және зорлық-зомбылыққа ұшырауы мүмкін. Кейбір жағдайларда оларды адам саудасы мен трансплантациялау схемаларында пайдаланады.
Алаяқтардың құрбаны болмау үшін келесілерді есте сақтау қажет:
құжаттарды жібермес бұрын немесе қосымшаларды орнатпас бұрын жұмыс берушінің заңдылығын және сайттың мекенжайын тексеру;
жұмысқа, оқуға немесе виза рәсімдеуге алдын ала ақша аудармау;
мобильді қосымшаларды тек Google Play немесе App Store ресми дүкендерінен орнату;
ресми шарт жасалғанға дейін жеке құжаттардың көшірмелерін немесе банк карталарының деректерін бермеу;
делдал немесе агенттік арқылы жұмысқа орналасу кезінде олардың тіркеу деректерін және шетелдік жұмыс берушімен жасалған шарттың бар-жоғын тексеру;
кез келген күмән туындаған жағдайда полицияға хабарласу.
Сіздің туысыңыз немесе досыңыз адам саудасының құрбаны болуы мүмкін бе — тексеріңіз. Қоңырау кезінде бейнеқоңырауға көшуге ұсыныңыз. Егер ол бас тартса немесе «мүмкін емес» десе – бұл күмән туғызатын белгі, дереу полицияға хабарлаңыз.
Бейнеқоңырау кезінде келесі сұрақтарды қою ұсынылады: «Қай жерде тұрып жатырсың, көрсетші?»; «Қасыңда кімдер бар?»; «Бұл пәтер ме, жатақхана ма?»; «Бүгін не тамақтандың?»; «Құжаттарың қайда сақталады?»; «Терезеден не көрініп тұр, көшеге шығуға бола ма?».
Адамның қоршаған ортасына, дауыс ырғағына, бет әлпетіне назар аударыңыз. Егер адам қорқып тұрғандай көрінсе, қысқа сөйлессе немесе бейнені көрсетуге қорықса — бұл оның бақылауда екенін білдіруі мүмкін. Мұндай жағдайда дереу полицияға хабарлау қажет.
Құқық қорғау органдары азаматтарды сақ болуға, күмәнді жұмыс ұсыныстарына сенбеуге және өз қауіпсіздігін бірінші орынға қоюға шақырады.
Күмәнді жағдайлар туралы дереу полицияның «102» нөміріне немесе жақын жердегі ішкі істер бөлімшесіне хабарласыңыз.







