Қазақстан әуел бастан-ақ қатаң орталықтандырылған басқару формасы бар біртұтас мемлекет ретінде қалыптасты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ахуал соны талап еткені белгілі. Өйткені жаңа ғана пайда болған елді номиналды түрде бекіткен қағаз жүзіндегі әкімшілік-құқықтық шешімдерге қауіп төндірген күштерді тоқтату қажет еді. Ол күштердің арасында сол кезде жергілікті сепаратизм ретінде танылғандар мен элиталық қысым да болды. Сондай-ақ тәуелсіздігін енді ғана алған мемлекетіміздің бұған дейін Кеңес Одағында транзиттік және шикізаттық ел ғана болып келгенінің де салдары айтарлықтай байқалып жатты.
Біз сөзбен айтқанда, қанаты қатая қоймаған мемлекет пен жаңадан қалыптасып жатқан дербес экономикаға әлемнің саяси картасында әлсіз контурмен ғана бедерленген елдің іргесін бекемдей түсетін, жұмыс істейтін институттары мен шешім қабылдайтын біртұтас вертикалі бар қуатты орталықтандырылған мемлекеттік жүйе қажет болды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімдері мен саясаты да осыған бағытталған болатын.
Алайда өткен отыз жыл ішінде аяғына нық тұрған Қазақстан осы қатаң жүйемен біте қайнасып кетті. Тіпті, бұл жол тарихи рөлін атқарып қана қоймай, жаңа үрдістерге, жылдар бойы қалыптасқан өңірлік ерекшеліктерге сай алға жылжуға мүмкіндік бермей, дамуға кедергі келтіре бастады. Шамадан тыс орталықтандыру мен жергілікті ерекшеліктерді елемеуден туындаған теңгерімсіздік 2010 жылдарды аяғында экономикалық проблемалар мен әлеуметтік сын-қатер тудыра бастады. Соның салдарынан жоғары мінберлерде айтылып жүрген тұрақтылыққа қауіп төндірген жаңа шындық пайда болды.
Жаңа шындықтың басты ерекшелігі – өңірлер арасындағы экономикалық даму деңгейлеріндегі теңгерімнің болмауы, яғни тұрғындардың өмірі мен әл-ауқатындағы алшақтық.
Жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім (ӨЖӨ) ресурстарға бай еліміздің батысындағы өңірлер мен оңтүстік және солтүстік аймақтардағы аграрлық облыстар арасында айтарлықтай алшақ болды. Егер Атырау облысында жан басына шаққандағы ӨЖӨ 21 млн теңгеден асса, Түркістан облысында бұл көрсеткіш 2 млн теңге шамасында болды, яғни алшақтық 10 есеге дейін жетті.
Мұнай мен газға бағдарланған батыс аймақтар елдің ІЖӨ-сіне айтарлықтай үлес қосты, ал оңтүстік, солтүстік және шығыс экономиканың әлсіз әртараптандырылуына байланысты тоқырауға ұшырады. Мұндай жағдай артта қалған облыстарды «даму тұзағына» түсіріп, төмен өнімділік салдарынан кедейлік пен жосықсыз көші-қон одан әрі үдей түсті.
Өңірлердің басым бөлігінің экономиканың бір-екі секторына ғана тәуелді болуы теңгерімсіздік себептерінің бірі екені анық. Бұл ахуал әлемдік бағалар құбылып тұрған шақта оларды одан әрі әлсіретті. Өңірлердің шикізатқа немесе субсидияланатын аграрлық секторға байланған экономикасын әртараптандырудың төмен деңгейі шикізаттан басқа саланың өсуіне тұсау болды. Қаржыландырудың жеткіліксіз және өткізу нарықтарына қолжетімділіктің шектеулі болуы шағын және орта бизнесті ынталандыруға кері әсерін тигізді. Бұл әлеуметтік проблемаларды шиеленістіре түсті. Осыған байланысты табыс төмендеп, кедейлік деңгейі жоғарылап, жастар ірі қалаларға ағылды.
Өңірлік билік те салықтық базаны ұлғайтуға мүдделі болмай, негізінен орталықтан берілетін субсидияларға қарап қалды.
Осы жерден тағы бір проблема туындады. Ол – инвестициялардың біркелкі болмауы және өңірлердің бюджетке тәуелділігі. Инвестициялар – елордаға, ірі қалаларға және өндіруші аймақтарға шоғырланып, кейбір өңірлер назардан тыс қалды. Салдарынан экономикалық және әлеуметтік алшақтық ұлғайды. Ресурс теңсіздігінің әсерінен өңірлер донорлар мен республикалық бюджеттен берілетін субвенцияларға тәуелді реципиенттер болып бөлінді.
Бұл жағдай орталыққа барынша тәуелді болып отырған аймақтардың басқару дербестігін және экономикалық өзін-өзі қамтамасыз етуін әлсіретті. Соның салдарынан жергілікті жерлерде бастамалар азайып, әр облыстың ерекшелігі мен табиғи артықшылықтарына байланысты даму әлеуеті төмендеп кетті.
Еліміздің территориясы кең болғанымен халық тығыздығы төмен екені белгілі. Осындай жағдайда инфрақұрылымның дамымауы да үлкен кедергі болды. Бұл, ең алдымен, көлік байланысына қатысты еді. Жолдардың саны мен сапасы өңірлердің экономикалық интеграциясында, сауда мен туризмде және қарапайым қатынаста қиындық тудырды.
Дүниежүзілік экономикалық форум сарапшыларының есептеріне сәйкес Қазақстан 2020 жылдардың басында жол инфрақұрылымының сапасы жағынан 119 елдің ішінде 90-орын алған.
Цифрлық алшақтық та тағы бір инфрақұрылымдық сын-қатерге айналды. Жылдамдығы жоғары интернеттің қолжетімсіз болуы себепті шалғай жерлерде цифрлық мемлекеттік қызметтерді алу ірі қалаларға қарағанда әлдеқайда қиын еді.
Экономикалық теңгерімсіздікпен бірге әлеуметтік салада және өмір сүру, әсіресе, ауылдағы өмір сүру сапасы бойынша теңгерімсіздік артты. Білім беру мен денсаулық сақтау қызметіне қол жеткізудегі алшақтық та айтарлықтай ұлғайды. Ауылдық және оңтүстік аудандарда кедейлік деңгейі өсіп, 2010 жылдардың аяғында халықтың 12 пайызын қамтыды. Ал ірі мегаполистерде бұл көрсеткіш 5 пайызға тең болатын.
Жалпы, экономикалық, қаржылық, адами және инфрақұрылымдық белсенділік екі ірі қала Астана мен Алматыда шоғырланды. Мұндай жағдай осы қалалар мен елдің басқа өңірлері арасында өмір сүру деңгейі, мүмкіндіктер, көрсетілетін қызметтер сапасы бойынша орасан зор алшақтық тудырды.
Соның салдарынан демографиялық және көші-қон мәселелері ушықты. Жастар білім, жұмыс іздеп және өмір сүру деңгейін арттыру үшін ауылдардан қалаларға, облыс орталықтарынан мегаполистерге ағылды. Нәтижесінде, миллионнан астам тұрғыны бар қалаларда көші-қон көрсеткіші бұрынғыдан да арта түсті. Мәселен, кейінгі жылдары Астана халқының саны 250-300 мың адамға көбейген. Осыған орай бүгінде халқының саны ресми түрде 1,5 миллион болып саналатын елорданың инфрақұрылымы күн сайын 2 миллионға жуық адамға қызмет көрсетуге мәжбүр.
Солтүстік аймақтар халықтың үдере көшуінен зардап шекті. Бұл демографияны, әлеуметтік инфрақұрылымды және экономикалық әлеуетті әлсіретті. Ал жер мен судың тапшылығы сезілетін, халық тығыз қоныстанған оңтүстікте туу деңгейі жоғары көрсеткішке жетіп, әлеуметтік шиеленіс күшейді.
Өңірлердің дамуындағы проблемалар мен сын-қатерлер бір-бірін одан әрі ушықтырып, 30 жыл ішінде қарама-қайшы жүйеге айналды. Сондықтан шегіне жеткен жекелеген мәселелерді басқаларынан бөлек шешу әрекеттері тұрақты нәтиже бермеді.
Сол себепті өңірлерді дамытудағы нақты жүйелі тәсіл Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаторлық күн тәртібіндегі маңызды тармақтардың біріне айналды.
Басты қағидат: ондаған жыл бойы қордаланған проблемалардың тамырына бірден балта шаппай, ширатылған жіпті біртіндеп тарқату еді. Бұл – өрт сөндіргендей, қас-қағым сәтте нәтиже беретін дағдарыс-менеджмент емес, барлық деңгейде бүкіл проблеманы түп-тамырымен жоятын берік негізді жүйе құру деген сөз. Алысты көздеп, есептеп жасалған жүйелілік, ауқымдылық және кезеңділік Президент Тоқаевтың өңірлік реформасының үш алтын қазығы болды.
https://turkystan.kz/article/270494-reformalardyn-mani-4-quatty-onirler-quatty-ult







