Цифрлық дәуірде балалар бос уақыттарының едәуір бөлігін Интернетте өткізуде. Әлеуметтік желілер, онлайн-ойындар және бейнеплатформалар олардың күнделікті өмірінің бір бөлшегіне айналды. Алайда, виртуалды кеңістіктің мүмкіндіктерімен қатар, қауіп-қатерлері де аз емес – кибербуллингтен бастап алаяқтық пен жеке деректердің ұрлануына дейін.
Ата-аналар үшін басты міндет – баланың интернеттегі белсенділігін мүлде шектемей, қауіпсіз әрі саналы пайдалануға үйрету.
Технологиялар мен балалардың өмірі
Заманауи технологиялар бала өмірінің барлық кезеңінде бірге жүреді. Бастапқы даму кезеңінде қалыптасатын цифрлық дағдылар олардың интернетте қауіпсіз бағдар табуына көмектеседі.
Дегенмен, «Касперский зертханасының» зерттеу нәтижелері киберқауіпсіздік мәдениетінің балалар арасында әлі де төмен деңгейде екенін көрсетеді:
-
Жасөспірімдердің 73%-ы смартфонсыз өмірді елестете алмайды, ал олардың жартысы телефонын жастық астына жастап ұйықтайды;
-
8–16 жас аралығындағы балалардың 44%-ы күн сайын интернетте әлеуметтік желілер мен ойын-сауық платформаларда уақыт өткізеді;
-
Балалардың 40%-ы мекенжай сияқты жеке деректерін интернетке еркін жариялайды;
-
Әрбір үшінші жасөспірім тіркелу кезінде жасын асырып көрсетеді;
-
Балалардың 37%-ы кибербуллинг, онлайн-алаяқтық және тыйым салынған контентке тап болады.
Интернеттегі қауіптердің негізгі түрлері
1. Бейтаныс адамдармен байланыс
Балаларға арнап әрекет ететін қаскүнемдер түрлі платформаларда жасырынады – мысалы, онлайн-ойындар, әлеуметтік желілер және мессенджерлер. Олар көбіне баланың сеніміне кіру үшін өздерін оның құрдасы ретінде көрсетеді (кэтфишинг тәсілі). Алаяқтар балалардың немесе ата-аналарының жеке және қаржылық деректерін алуға тырысады, кейде зиянды бағдарламалар орнатуды көздейді.
Кеңес: Балаларыңызға интернеттегі бейтаныс адамдармен ешқандай жеке мәлімет алмасуға болмайтынын түсіндіріңіз.
2. Құрдастар арасындағы қысым — Кибербуллинг
Кибербуллинг – желідегі қудалау немесе қорлау. Балалар чаттарда, пікірлерде немесе жеке хаттарда жаман сөздер естуі, мазақталуы мүмкін. Бұл жәбірленушінің психологиялық жағдайына әсер етеді. Жеке деректерді тарату, әсіресе интимдік сипаттағы материалдар – қылмыстық жауапкершілікке алып келетін ауыр құқық бұзушылық.
Кеңес: Балаңызда сенімділік орнатып, кибербуллинг туралы ашық сөйлесуге мүмкіндік жасаңыз. Қауіпті белгілер байқалса – мектепке, психологқа немесе құқық қорғау органдарына хабарласыңыз.
3. Баланың өз әрекеті арқылы төнетін қауіптер
Балалар желіде қауіпті әрекеттерді байқамай жасауы мүмкін: белгісіз қосымшаларды орнату, фишингтік сайттарға кіру, дербес ақпаратты жариялау. Олар өз әрекетінің салдарын жиі түсіне бермейді.
Кеңес: Балаға антивирустық бағдарламалар орнату, құпиясөздерді қорғау, қауіпсіз веб-сайттарды пайдалану туралы ақпарат беріңіз.
Цифрлық қауіпсіздік негіздері: Ата-аналарға арналған кеңестер
✅ Бақылау емес, сенімді байланыс: Баланың желідегі белсенділігін толығымен шектеу мүмкін емес, сондықтан сенімді қарым-қатынас орнату маңызды.
✅ Қауіптер туралы ашық айту: Балаңыз интернеттегі ықтимал қатерлерді (бопсалау, алаяқтық, кибербуллинг) білуі керек.
✅ Цифрлық сауаттылықты дамыту: Балаға антивирус орнатуды, қауіпсіздік параметрлерін қолдануды, мықты құпиясөздер жасауды үйретіңіз.
✅ Құрылғы қауіпсіздігін қамтамасыз ету: Телефон мен компьютерде PIN-код, құпиясөз және биометриялық қорғанысты қолданыңыз.
✅ Қауіпті жағдай туындаса — жалғыз қалдырмау: Бала желідегі жағымсыз тәжірибе туралы айтуға қорықпауы керек.