Қазақстанда 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап кредит беру тәртібіне елеулі өзгерістер енгізілді. Ендігі жерде қаржы ұйымдары ірі көлемдегі қарызды азаматтың жұбайының (зайыбының) келісімінсіз бере алмайды. Бұл норма қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және қаржы тәуекелдерін азайту мақсатында қабылданды.
Жаңа талаптың мәні неде?
2025 жылы жұбайының келісімі талап етілетін шекті сома – 1 000 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), яғни 3 932 000 теңге. Бұл сома АЕК мөлшеріне байланысты жыл сайын өзгеріп отырады.
Бұған дейін тек ипотекалық кредиттерге қатысты келісім міндетті болған. Себебі, сатып алынатын жылжымайтын мүлік ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі болып саналады. Енді бұл талап ірі көлемдегі тұтынушылық кредиттерге де таратылады. Яғни, жұбайының келісімінсіз алынған ірі қарыз отбасылық бюджетке ауыртпалық түсірмеу үшін заң жүзінде шектеліп отыр.
Келісімді қалай ресімдеуге болады?
Жұбайының келісімі:
-
қаржы ұйымының бөлімшесінде қағаз түрінде, еркін нысанда берілуі мүмкін;
-
электрондық түрде – eGov.kz порталы арқылы немесе банктің/МҚҰ-ның мобильдік қосымшасында ресімделуі мүмкін (жұбайы сол ұйымның клиенті болған жағдайда).
Электронды келісім үшін биометриялық сәйкестендіруден өту міндетті. Бұл алаяқтық әрекеттердің алдын алуға бағытталған қосымша қорғаныс тетігі ретінде қарастырылған.
Қаржы ұйымының міндеті қандай?
Кредит беру кезінде банк немесе микроқаржы ұйымы клиенттің отбасылық жағдайын ҚР Әділет министрлігінің «АХАТ» ақпараттық жүйесі арқылы тексеруге міндетті. Егер сұралған қарыз сомасы 1 000 АЕК-тен асса, кредит тек жұбайының келісімімен ғана берілуі тиіс.
Егер осындай келісімсіз кредит рәсімделсе, бұл шарт сот тәртібімен даулануы мүмкін.
Алаяқтықтан қосымша қорғаныс
Жаңа ереже ірі сомадағы кредиттерді алаяқтық жолмен рәсімдеуге жол бермеу мақсатын да көздейді. Бұл отбасы мүшелерін алдын ала хабардар ету, ортақ шешім қабылдау және қаржылық тәуекелдерді бірлесіп бағалау тұрғысынан маңызды қадам болып саналады.
Халықаралық тәжірибе қандай?
Мұндай талаптар – әлемдік тәжірибеде кең таралған. Мысалы:
-
Ресейде жұбайының келісімі 2016 жылдан бері міндетті;
-
АҚШ-та әрбір штат бұл талапты жеке реттейді, дегенмен көпшілігінде осыған ұқсас шарттар бар;
-
Ұлыбритания, Франция және басқа да дамыған елдерде де ерлі-зайыптылардың ірі кредиттер бойынша ортақ жауапкершілігі заңмен бекітілген.
Демек, Қазақстандағы жаңа ереже – халықаралық үздік тәжірибеге сай қабылданған шешім.
Кредит алар алдында нені ескеру керек?
-
Қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалаңыз. Заң бойынша кредиттік жүктеме ай сайынғы кірістің 50%-ынан аспауы тиіс. Егер қолданыстағы қарыздар бойынша 90 күннен астам мерзімін өткізіп алған төлемдеріңіз болса, жаңа кредит берілмейді.
-
Отбасылық бюджетті жоспарлаңыз. Ірі кредит алғаннан кейін күнделікті қажеттіліктерден бас тартуға тура келуі мүмкін. Сондықтан ай сайынғы төлемнің нақты сомасын және оны төлеудің көздерін алдын ала есептеп алған дұрыс.
-
Тұрақсыз табысты есепке алмаңыз. Егер кредит тұрақты емес немесе уақытша табыс көзі есебінен өтелмек болса – бұл үлкен тәуекел. Мұндай жағдайда төлем қабілетсіздігі қаупі артады.
-
Қарызды инвестицияға бағыттамаңыз. Кредит қаражатын криптовалюта, бағалы қағаздар немесе өзге де тәуекелі жоғары құралдарға салуға болмайды. Ол қайтарымсыз шығынға әкелуі мүмкін.
-
Кредит бизнеске қажет болса – ол сіздің бизнесіңіз болуы тиіс. Бұл жағдайда ғана сіз табысты болашақта қалай қамтамасыз ететініңізді нақты түсіне аласыз.
Қорытынды
Ірі кредиттер бойынша жұбайының келісімін талап ету – азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Бұл өзгеріс отбасылық бюджетке келетін ықтимал залалды азайтуға, алаяқтықтың алдын алуға және несиелік жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Сондықтан кредит рәсімдемес бұрын серіктесіңізбен ақылдасып, шешімді бірге қабылдаған жөн. Заң – сіздің мүддеңізді қорғауға бағытталған құрал екенін есте сақтаңыз.