Түркістан қаласының әкімдігі жетім балаларға берілуі тиіс баспананы себепсіз үлестірмей келген. Заңбұзушылық қалалық прокуратруаның араласуымен оңынан шешілді. Бүгін ата-ана қамқорлығынсыз қалған 40 жасқа үйдің кілті табысталды.
Махаббат Құдайбергенова — 17 жаста. Ата-анасынан ерте айрылған 17 жасар ару баспаналы болуды көп уақыт күткенін айтады. Ол арманы бүгін орындалып, бір бөлмелі үйдің кілтін қолына ұстады. Өз баспанасына ие болған ол қуанышын жасыра алмады.
Махаббат Құдайберген — баспана иесі:
«Үй кезегіне 2012 жылы тұрғанбыз. 2017 жылы баспанаға қолым жетті. Бірақ белгілі себептермен ол кезде ала алмадым. Қазір өз үйімнің кілтін алдым. Қуаныштымын. Әрбір қазақ баспаналы болсын деп тілеймиін».
Жетім балаларға 1 ай бұрын берілуі тиіс болған үйлерді ақжағалылар себепсіз тежеген. Жағдайдың алдын алған прокуратура қызметкерлерінің айтуынша кінәлілерге әкімшілік айыппұл салынып, сөгіс берілген.
Күмісхан Таңатов — Түркістан қалалық прокурорының орынбасары:
«Түркістан қалалық прокуратурасы заңдылықтарды үнемі бақылау ұстайды. Оның ішінде тұрғын үйлерге байланысты заңдылық біздің басты назарымызда».
Айта кетейік, жетім балаларға берілген 40 үй жиһазбен жабдықталып, тұрмысқа керекті заттармен де толықтырылған.