Шымкентте ағаштардың қарын сілку үшін 600 млн теңге бөлінген. Мемлекеттік сатып алу сайтынан тараған бұл ақпарат желіде жұрттың талқысына түскен еді. Алайда бұл жаңалықты қала әкімінің орынбасары бүгін жоққа шығарып отыр. Ерғали Білісбековтің айтуынша, қаражат тек қар сілкуге емес, оларды күтіп баптауға, соны атқаратын жұмысшылардың еңбекақысына, көлік пен арнайы техниканың жанар-жағармайы мен өзге де шығындарға есептелген.
Ағашқа қонған қарды сілкіп, түсіруге 600 млн теңге бөлінді деген ақпарат желіде қызу талқыға түскен еді. Өйткені қысы жылы Шымкентте бұл жұмыстарға қазынадан қыруар қаржы бөлуді жұрт ақшаны желге шашу деп санаған.
Сауалнама:
«Менің ойымша дұрыс емес, потому что олар өзі еріп түседі деген сияқты ғой», «Ағашқа емес, адамдарға көмектесу керек», «Бізде жоқ қой қар. Өткенде жауғандай еріп кетті ғой. Не қылады оған бөліп? — Оған да басқа нәрсеге бөлген дұрыс дейсіз ғой? -Әрине,мәселелер көп. Қар деген не? Біздің оңтүстікте қар жаумайды ешқашан. Жерге түскен қар, еріп кетеді, күн деген жылы. Сондықтан да оған ақша бөлген дұрыс емес деп ойлаймын».
Әкімдіктегілер мұндай жұмыстың бар екенін растап отыр, алайда ол үшін бюджеттен қыруар қаржы қаралмаған дейді.
Ерғали Білісбеков — Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
«Бізде жалпы бөлінген 890 мың теңге, қай жақтан шыққан әңгіме оның бәрі. Білесіздер, біздің климат резко континетальный болғаннан кейін бізде бірінші жауын жауады, содан кейін қар жауады. Ол мұз болады, қатады. Содан кейін ағаш қирайды, адамның үстіне түсуі мүмкін. Жалпы ағаштың өзіне зиян келтіреді. Содан кейін тариф енгізген, ол тариф 3 теңге болуы керек 1 ағашқа».
Жалпы Шымкентте жасыл желектерді күтіп ұстау үшін бюджеттен 3 млрд теңге бөлініпті. Бұл соманың ішіне қарды сілку жұмысы да кіреді. Сондай-ақ, абаттандырумен айналысатын жұмысшылардың жалақысы да осы бөлінген қаражаттан беріледі.
Ерғали Білісбеков — Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
«Бір нысананы алып көрейік. Жаңа мәліметтер шығып жатыр, осындай 3 млрд бөлінген деп біздің көгалдандыруға. Мен сіздерге айтып кетейін. Жалпы бізде 600 адам жұмыс істейді сол жерде. 600 адам былтыр 80 000 теңгеден әр айда қаражат алып отқан. Биыл 145-тен алып жатыр».
Қыс мезгілінде қар жауып қарық қылмаса, талап бойынша бөлінген қаржы кері қайтарылады екен. Ал атқамінерлер болса, қазынаның қаражаты қайткен күнде де мақсатсыз далаға кетпейді дейді.