Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды Жолдау жасау арқылы қоғамдағы сан түрлі сұрақтарға жауап берді. Алдағы жұмыстарды, жоспарларды саралады. Әсірсе, Солтүстік өңірлерге қарай көші-қонды жандандыру, жүйелеу жөніндегі бастамасы орынды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен ТӘЖІБАЕВ әлеуметтік желідегі парақшасында көзқарасын білдірді.
«Президентіміз жұртшылықты алаңдатқан жайылым жер, субсидия, көші-қон мәселелеріне де тоқталды. Субсидия берудегі кемшіліктерді жойып, шаруаларға шынайы көмек беру керектігіне тоқталды. Әсіресе, Солтүстікке көшкен азаматтарға жер беру жөніндегі бастамасы өте орынды. Бұл – стратегиялық мәселе. Теріскейге көшкен ағайындар болашаққа сеніммен қарауы үшін осындай нақты қадамдар қажет. Осы арқылы алдағы уақытта ол өңірлерге ірі кәсіпкерлеріміз де қоныс аударып, ауыл шаруашылығы кластерін дамытып, жұмыс орындарын ашатыны анық», – деді Б.Тәжібаев.
Бүгінде «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарып келеді. Жауапты басқармамен бірлесіп, барлық аудан, қалаларда «Еңбек» бағдарламасы бойынша түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Биылдың өзіне теріскейге көшкісі келгендерге 6039 квота бөлініп отыр.