Алдағы 2 жыл ішінде олардың айлығы 90 пайызға дейін көтерілмек. Бүгінге дейін тәртіп сақшылары басқа құқық қорғау органдары арасында ең төмен жалақы алып келген. Осыны ескерген Ішкі істер министрі үкімет сағатында оларды материалдық қолдау керектігін айтты. Бұдан бөлек, полицейлер өміріне қандай өзгерістер енбек? Тілші материалында.
Ақнәзік Тұрдабаеваның қызыл жағалы атанғанына бір жыл болды. Түркістан полиция департаменті, «102» жедел басқару орталығының кіші сержанты алатын жалақысының аздығына қарамай, өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқарып келеді. Айлығының көбейетінін естіген ол, қатты қуанды.
Ақнәзік Тұрдабаева, облыстық Полиция департаментінің кіші сержанты:
«Әрине қуанышты жаңалық. Бұл біздің қиын да, қауіпті жұмысымызды одан әрі жігерлендіреді. Бұдан былай тұрғындардың тыныштығымен қоғам қауіпсіздігі жолындағы жұмыс нәтижеміз арта түседі деп сенеміз».
2023 жылға дейін сержанттың жалақысы – 81 мыңнан 101 мың теңгеге дейін, лейтенанттың жалақысы 130 мыңнан 174 мың теңгеге дейін өседі. Бұл туралы Ішкі істер министрі үкімет сағатында мәлімдеді. Аталған өзгеріс Мемлекет басшысының тапсырмасымен кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Себебі айлық табысы құқық қорғау органдар арасында ең төменгі деңгейде болғанымен, оларға қатысты сын 2 есеге қысқарған.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі:
«Еститін мемлекет» құру мақсатында ішкі істер органдарының қызметін ұйымдастыру өзгертілді. Барлық аймақта «Азаматтарға арналған қабылдау» бөлмелері ашылды. Онда халыққа консультативтік көмек көрсетіледі. Әлеуметтік желімен жұмыс күшейді. Фейсбукте барлық басшылардың жеке аккаунттары ашылды».
Сондай-ақ полиция қызметін бағалаудың жаңа жүйесі енгізілді. Биыл алғашқы 6 ай бойынша жүргізілген зерттеулердің нәтижесі азаматтардың 38,7 пайызы полицияға толықтай сенетінін көрсеткен. Нәтижесінде, Қазақстан қауіпсіздіктің барынша сенімді деңгейі бар елдердің қатарына әлемнің 163 елінен 67-орынға тұрақтаған.